Н.Сәдуақасов: Ай сайын әкімдердің рейтингін жасау дұрыс емес

Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов облыс әкімдерінің ішінде рейтингінің төмен болуын түсіне алмайтындығын жеткізді. Оның айтуынша әкімдердің рейтингін ай сайын жиі жариялау дұрыс емес. Бұл туралы ол бүгін ҚР Президентінің жанындағы ОКҚ-нің брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 «Маған әкімдердің рейтингтері жайлы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Мәшбекұлының айтқан сөзі ұнады. Ол рейтингті жарты жылда немесе жылына бір рет жүргізуді айтқан еді. Облыстардағы жағдай ай сайын ауысып тұруы мүмкін емес. Оның үстіне рейтінгтің ашықтығы әрі қалай жасалатындығын білмеймін. Мемлекет басшысы басты рейтинг ретінде әлеуметтік-саяси тұрақтылық пен экономикалық дамуды айтқан болатын. Oсы уақытқа дейін Қостанай облысы өзге облыстармен салыстырғанда дамуы жағынан 10-шы орында келе жатыр. Егер рейтингтер әділ жасалатын болса оған қарап жұмыс жасауға болады. Әрине, осы рейтингтердегі өзге әріптестерімнің жұмысына қарап мен де жақсы жұмыс істеуге тырысамын», - деді Н.Сәдуақасов. 
Айта өтейік, Қостанай облысының әкімі Нұралы Сәдуақасов өткен тамыз айында sayasat.org сайты жариялаған тізімде ең соңғы (15-ші) орыннан көрінген болатын. Оның облыстағы қоғамдық – саяси ықпалы 3,7 балл көлемінде бағаланып, жалпы балл деңгейі бойынша 9,3-ке тең болған еді.


Яндекс.Метрика Mail.ru
Copyright © 2014 || Сайт идеясының авторы Ерболат Ерімбет
Сайтты өңдеу және қолдау www.yoline.kz