Жалғызбасты ақсақал өзін қарттар үйіне өткізген адамға баспанасын бермек

Жамбыл облысында 73 жастағы қария өзін қарттар үйіне орналастырған адамға дүние-мүлкін қалдыруға даяр. Бала-шағасы тастап кеткен зейнеткер қазір үлкен үйде жалғыз тұрып жатыр. Үш рет жүрек талмасынан құлаған Кәрім Магиевтің бір қолы мен бір аяғы істемей, жүруден де қалыпты. Мүгедектікке де шыға алмай жүрген кісіге әзірше көршісі қамқор болып жүр. Алты баласы бола тұра қу тізесін құшақтап қалған ақсақалдың жай-күйі туралы КТК арнасы хабарлады.

 Үш ұл, үш қызы бар ақсақал жетпістен асқан шағында даңғазадай үйде жалғыз қалған. Күн суытқалы жылу қосылмаған баспананың қабырғасы да қатып тұр. Бір жарым жыл бұрын ат құйрығын кескен балалары сол күйі қайта келмепті. Қанаттыға «қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» өсірген перзенттерінің бұл әрекеттерін өзі әлі күнге түсінбей жүр.

Кәрім Магиев:

-Үйден қуғаным жоқ. Кетті де қалды. Олар менің көлігімді алды, тағы бір үйім бар еді, оны да алып қойды. Енді осы баспанама көз тігіп отыр. Көз жұмған күні қалған дүниеме таласады, көресіздер.

Үш мәрте жүрек талмасынан құлаған ақсақалдың бір қолы мен бір аяғы істемейді. Қант диабетімен де ауырады екен. Қысқасы Кәрім Магиевке ерекше күтім қажет. Зейнетақысы да дәрі-дәрмегіне жұмсалатын қаржыдан артылып жатқан жоқ. Өзін тастанды сезінген зейнеткер дүниеге көз тіккен тас бауыр балаларыма түк татырмаймын деп шешіпті.

Кәрім Магиев:

-Қарттар үйіне қуана-қуана барар едім. Маған жылы орын, қарным тоқ болса жеткілікті. Қарттар үйіне орналасуға жәрдемдескен жандарға, қалған дүние-мүлкімді қалдырып кетемін деп шештім.

Қария қарттар үйіне орналасу үшін туғандары одан бас тартуы тиіс. Бірақ балалары бұған келіспей отыр екен. Халі мүшкіл ақсақал бейімдеу орталығына да бара алмайды. Ол үшін алдымен мүгедектікке шығуы керек. Құжат түгендеп, көршісі жүгіріп жүр. Тек істің бүгін-ертең бітетін түрі жоқ.

Татьяна Ганофонова, әлеуметтік көмекші:

-Жақын маңда тұратын баласына да барып, әкесінің қазіргі жағдайын айттым. Құлағына қыстырмады. Келмек тұрмақ, көруден де бас тартты. Үш мәрте бардым, енді тіпті мені көрсе қашатынды шығарды.

Әлеуметтік көмекшілер де бала-шағасы бар зейнеткерге жәрдем беруге міндетті емес. Соның өзінде мамандар қарайласады. Ал Кәрім Магиевтің қант диабетіне шалдыққан әйелін кенже баласы қолына алыпты.


Яндекс.Метрика Mail.ru
Copyright © 2014 || Сайт идеясының авторы Ерболат Ерімбет
Сайтты өңдеу және қолдау www.yoline.kz