Астанаға Ақтөбе мен Қарағанды облыстары 900 тонна астық жеткізді

Күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында елордаға Қарағанды мен Ақтөбе облыстарының ауылшаруашылық өнімдері жеткізілді. Күннің салқындығы мен күзгі жаңбырға қарамастан астаналықтар жәрмеңкеге көптеп жиналды. Өңір басшыларымен бірге қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов те жәрменкеге әкелінген өнімдермен танысып, ел игілігі үшін жеткізілген тауарларды өз көзімен көріп қайтты. 

Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі;

«Мен өткен жәрменкеде де айтқамын, қазір де қайталап айтамын, бұл - ең бастысы ауыл мен қаланы жақындастыру мәселесі. Елдің бірлігін көрсететін, ауыл-аймақтағы қызмет етіп жатқан диханшылардың жаздай тамшылаған маңдай терін елге паш ету. Екіншіден - әр облыста жақсы дамып келе жатқан шаруашылықтар бар. Солардың өнімін жалпы елге көрсетіп, соны тарату мәселесі. Сол арқылы өсіп-өнудің бір жолы деп есептеймін».

Екі облыс астаналықтарға 800-900 тоннадай өнімдерін ұсынды. Астана нарығынан 15-20 пайызға арзан өнімдерді елорда тұрғындары қуана сатып алуда. Қарағанды бұл жәрмеңкеге әйгілі Жаңаарқа қымызын әкелсе, Ақтөбе де ақ сазандарын шоршытып, тірі балықтар жеткізіпті.

Архимед Мұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі;

«Елордада дәстүрге айналған жәрмеңкеге біз қолымызда бардың барлығын әкелдік. Бұл өңірлердегі ауылшаруашылығының дамуына ерекше серпін беретін дәстүр».

Екі облыстан 250-ден астам шағын кәсіпкерліктер мен онға тарта қалалық шаруашылықтар әкелген 900 тонна астық Астананың бір күнгі тұтыну өнімінің тең жартысына тең.

Нұрмұханбет Әбдібеков, Қарағанды облысының әкімі;

«Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруде айтарлықтай нәтиже көрсетудеміз. Әсіресе картоп өндіруде өніміділік жоғары деуге болады. Қазіргі таңда қарағандылықтардың өнімдері еліміздің барлық нарығында жоғары сұранысқа ие, әсіресе Астанада бұл көрсеткіш көңіл толтырарлықтай».

Облыстар арасында ауылшаруашылық өнімдерін өндіру, оны халықтың қалтасы көтеретіндей бағада сату мәселесі бойынша ерекше талпыныс тудырған бұл жәрмеңке елорда тұрғындарына дәстүрлі тұтынушылықты қалыптастырып келеді. Бұл әр өңірдің өзіндік өнімдік брендін таңдауға астаналықтар үшін таптырмас шараға айналуда. Жәрмеңке соңы мерекелік концертке ұласты. 


Яндекс.Метрика Mail.ru
Copyright © 2014 || Сайт идеясының авторы Ерболат Ерімбет
Сайтты өңдеу және қолдау www.yoline.kz