Нәрестені алты айға дейін ана сүтімен қоректендіру 84%-ды құрады

Соңғы жылдары жаңа туған балаларын алты айға дейін тек ана сүтімен қоректендіру көлемі 84% құрап отыр деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Олардың мәліметінше, балалар жасындағы ауруларды ықпалдастыра жүргізу технологияларын іске асыру арқасында пневмонияға шалдығу оқиғалары 14% азайған.

-ДДҰ ұсынысы бойынша балаларды күту стандарттарын енгізу нәтижесінде аутизм сияқты жүйке ауруларын диагностикалау жақсарды. Балалар ауруханаларының барлығында шұғыл медициналық көмек көрсету және ауыр насқастарды іріктеуге жағдай жасалған. Денсаулық, балаларды тамақтандыру, ана сүтімен емізудің артықшылықтары, гигиена туралы тұрғындардың білімін арттыру мақсатында ақпараттық материалдар таратылып, үкіметтік емес ұйымдар арқылы әлеуметтік жобалар іске асырылады. «Әрбір бала сүйікті, әрбір босану қауіпсіз» қағидасы насихатталады,-делінген баспасөз хабарламасында.

2010 жылғы МИКС мәліметтері бойынша жүкті әйелдерді босанғанға дейін қадағалаумен толықтай (99,2%) қамтамасыз ету, барлық жағдайда білікті мамандардың босандыруы Қазақстанның жетістігі саналады. Елімізде жүйелі шаралар қабылдау нәтижесінде ана мен нәрестелер өлімі тұрақты түрде төмендеп келеді. Соңғы 5 жылда аналар өлімі 3 есеге, нәрестелер өлімі 1,6 есеге азайды. 
Қазақстан – БҰҰ Мыңжылдықтың 4 және 5-ші Даму мақсаттарына жетуде өзіне алған халықаралық міндеттерін орындап, ана мен балалар өлімі төмендеді.

Еліміздің жетістіктерін БҰҰ балалар өлімін бағалау жөніндегі сарапшылары тобы да мойындады. 2013 жылдың маусым айында халықаралық сарапшылар Қазақстанда аналар және балалар өлімін тіркеу барысын тексеріп, оның дұрыс және шынайы екенін растады.


Яндекс.Метрика Mail.ru
Copyright © 2014 || Сайт идеясының авторы Ерболат Ерімбет
Сайтты өңдеу және қолдау www.yoline.kz