Қазанның 4-і Құрбан айттың алғашқы күні

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, биыл Құрбан айт мерекесі 4-ші қазан күні басталады. Айт намазы Алматы қаласы бойынша шамамен сағат 7:30-да оқылады, - деп хабарлайды «Алаш айнасы».

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл ұлық мерекені ұлттық нақышпен, жан-жақты дайындықпен ерекше атап өтуді жоспарлап отыр екен. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен облыс, аудан орталықтары мен қалалардағы мешіт аулаларында киіз үйлер тігіліп, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы дастархан жайылады. Қазақтың ұлттық спорт түрлерінен (арқан тартыс, қазақша күрес, гір тасын көтеру, асық ойыны, белтемірге тартыну, т.б.) сайыстар өткізіледі. Сондай-ақ, мешіт ауласында балаларға арналған арнайы ойын алаңдары жұмыс істемек. Республика бойынша жетім бүлдіршіндер мен мүгедектерге мерекелік бағдарламалар әзірленуде.

Мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айттың құрметіне Алматы қаласында М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында тұңғыш рет рухани кеш өтеді. Кеште рухани сахналық қойылымдар көрсетіліп, діни әндер мен термелер орындалады.

Негізі Қазақстанда Құрбан айттың бірінші күні демалыс болып табылады. Бірақ биылғы Құрбан айттың бірінші күні сенбі күнге сәйкес келіп тұрғандықтан (онсыз да демалыс), дүйсенбі күні демалыс болмайды. Себебі, бұл мемлекеттік мереке емес. Сондықтан бұл күн автоматты түрде ауыстырылмайды. Егер айттың бірінші күні жұмыс күніне сәйкес келгенде, онда демалыс берілер еді.


Яндекс.Метрика Mail.ru
Copyright © 2014 || Сайт идеясының авторы Ерболат Ерімбет
Сайтты өңдеу және қолдау www.yoline.kz