Еуропалық Сапа Ұйымы ЕҰУ-ге «Сапа» сыйлығын берді

Еуропалық Сапа Ұйымы ЕҰУ-ге «Сапа» сыйлығын берді

Еуропалық Сапа Ұйымы ЕҰУ-ге «Сапа» сыйлығын берді деп хабарлайды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасөз қызметі.

Саннан гөрі сапаға мән беретін байқаудың жеңімпаздарына марапатты Левен қаласында (Брюссель) Еуропалық кеңестің бұрынғы төрағасы Херман Ван Ромпей арнайы тапсырды. Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің арасында ұйымдастырылған турнирдің жеңімпаздары Еуропалық Сапа ұйымы Бас ассамблеясының отырысында салтанатты түрде марапатталды.. 
Дерерккөзіне сүйенсек, Еуропалық Сапа ұйымының құрылғанына 58 жыл болғанымен, халықаралық сапа турнирі соңғы 10 жылда ғана ұйымдастырылып келеді. Байқауға Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің ең үздік компаниялары, жоғары оқу орындары қатысқан. Байрақты бәсекеде бақ сынаған Еуразия Ұлттық университеті сапалы білім берудегі озық жетістіктері арқылы өзгелерді шаң қаптырып, бас жүлдені қанжығаға байлады. 

Анықтама: Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің сапа жағынан халықаралық турнирі Украина Сапа Ассоциациясының ұсынысымен Бүкілресейлік сапа ұйымы, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің сапа жағынан ұлттық ұйымдары, Еуропалық сапа менеджменті қорының (EFQM) қолдауымен 2005 жылдан бері өткізіліп келеді. 
Еуропалық сапа менеджменті қоры (EFQM) - 1998 жылы Еуропалық сапа ұйымы мен Еуропалық Одақ комиссиясының қолдауымен құрылған коммерциялық емес ұйымға жатады. Еуропалық сапа менеджменті қорына (EFQM) бірнеше миллион қызметкер істейтін еуропалық елдердің 800-ден астам ұйымдары кіреді.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы «Үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша "Алтын сапа" иегері, сапа және қызмет көрсету бойынша ТМД елдері арасында топ жарған және ЖОО арасында әлемдік рейтинг жеңімпазы болып табылады.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің мұндай жоғары атақ пен марапатқа ие болуы тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Ерлан Бәтташұлы Сыдықов басқаратын жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы және ұжымдық еңбектің нәтижесі екенін айта кеткен жөн.


Яндекс.Метрика Mail.ru
Copyright © 2014 || Сайт идеясының авторы Ерболат Ерімбет
Сайтты өңдеу және қолдау www.yoline.kz