Мүмкіндігі шектеулі жандарға «ЖанШуақ» қоғамдық сыйлығы табысталды

Мүмкіндігі шектеулі жандарға «ЖанШуақ» қоғамдық сыйлығы табысталды

Астанадағы Бейбітшілік және Келісім сарайында VII «ЖанШуақ» қоғамдық сыйлығымен марапаттаудың салтанатты рәсімі өтті.

Іс-шара жыл сайынғы «Шексіз мүмкіндіктер - 2014» халықаралық акциясының және «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының аясында ұйымдастырылып отыр. 

Марапаттау салтанатына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, білім, мәдениет және спорт тағы басқа да салалардың өкілдері қатысты.

«ЖанШуақ» сыйлығы мәдениет, спорт, білім, эстрада салалары және қолданбалы өнердің барлық түрлері бойынша жоғары жетістікке жеткені үшін мүмкіндігі шектеулі жандарға беріледі.

Өзінің құттықтау сөзінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: «Бүгінде біздің әрқайсымыз еліміз барша тұрғыны тең құқыққа және теңдей мүмкіндіктерге ие үлкен ортақ үйге айналуы үшін бар күш-жігерімізді салуымыз қажет. Партиямыздың Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасының табысты жүзеге асуына бірлесе үлес қоса отырып, біз Қазақстанда «Кедергісіз келешек» құруға, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарынан лайықты орын алуға қол жеткізе аламыз» - деді.

Сондай-ақ, Бауыржан Байбек аталған шараға қатысушылардың өмірге құштарлығы, талпынысы, табандылығы мүмкіндігі шектеулі жандарға үлгі боларлық іс екеніне және ерекше күш-жігер беретініне тоқталды.

Қазақстан мүгедектері конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова: «Мүгедектерге деген көзқарас, бұл - қоғамдағы үлгі-өнегенің көрсеткіші. Бүгінде жағдайды мүлде өзгертіп, Қазақстанда мүгедектердің өмірін барынша жақсартуға және оларды қоғам өміріне толыққанды бейімдеуге мүмкіндік жеткілікті. Осындай шаралардың арқасында мүмкіндігі шектеулі адамдарға деген көзқарас өзгеріп, оларды қоғамның мүмкіндігі жеткілікті толыққанды мүшесі ретінде қабылдануға жол ашылады. Көпшіліктің санасынан мүмкіндігі шектеулі жандар туралы қалыптасып қалған теріс көзқарасты жоюымыз қажет» - деді. Сонымен қатар ол «ЖанШуақ» сыйлығы тәжірибе алмасатын, өмірге деген шексіз құштарлықты, күш-қайратты көрсететін тамаша алаң екенін атап өтті.

I, II, III топтардағы мүгедектер қоғамдық сыйлыққа үміткер болып табылады. Сонымен қатар, іріктеуге құрамында мүгедек жандары бар ұжымдар да қатыса алады. Іріктеудің басты критериі - өзінің шексіз мүмкіндіктерін көпшілікке көрсетуге құлшыныстың болуы.

7 номинация бойынша сыйлыққа ие болғандар:

  • 1. «Мүгедек жандардың өмір сапасын жақсартқаны үшін» сыйлығы - Оспанов Дүйсенғали, Қостанай қ.
  • 2. «Мүмкіндігі шектеулі жандардың ҚР қоғамдық қызмет саласындағы айтулы жетістіктері үшін» сыйлығы - Батпақұлова Гүлмира, Орал қ.
  • 3. «Мүмкіндігі шектеулі жандардың ҚР қолданбалы өнер саласындағы айтулы жетістіктері үшін» сыйлығы - Алина Лампартер, Қостанай қ.
  • 4. «Мүмкіндігі шектеулі жандардың ҚР мәдениет саласындағы айтулы жетістіктері үшін» сыйлығы - Бектасов Нүркен, Семей қ.
  • 5. «Мүмкіндігі шектеулі жандардың ҚР вокалдық орындаушылық саласындағы айтулы жетістіктері үшін» сыйлығы - Салықова Ләззат, Қапшағай қ.
  • 6. «Мүмкіндігі шектеулі жандардың арбада отырып өнер көрсету бойынша айтулы жетістіктері үшін» сыйлығы - Аманбеков Талғат, Тараз қ.
  • 7. «Мүмкіндігі шектеулі жандардың ҚР спорт саласындағы айтулы жетістіктері үшін» сыйлығы - Ли Дмитрий, Астана қ.

Ресми дерек бойынша бүгінде Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 650 мың адам өмір сүруде. Олардың көпшілігі талантты және мақсаткер жандар. Жыл сайынғы «Шексіз мүмкіндіктер» акциясы мүгедек жандарға денсаулығындағы ақауға қарамастан оның қоғамның толыққанды мүшесі бола алатынын дәлелдеуге, бақытқа лайықты екенін сезінуге зор мүмкіндік береді.  


Яндекс.Метрика Mail.ru
Copyright © 2014 || Сайт идеясының авторы Ерболат Ерімбет
Сайтты өңдеу және қолдау www.yoline.kz